fbpx

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан құрылысшылар одағы төрағасының орынбасары Серікжан Мергенбаев @karakesek_01 елдегі төтенше жағдай кезінде Үкімет тарапынан құрылыс саласы бойынша қабылданған шараларға қатысты өз пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Серікжан Мергенбаев

«Кеңейтілген отырыста көтерілген мәселелермен оны шешудегі Мемлекет басшысының ұсыныстары орнықты деп ойлаймын. Иә, Президент біраз билік басындағыларға ескерту жасап, жұмыстарына сын айтты. Және проблемаларды шешу үшін Үкіметке 2 апта уақыт бергені де әділ шешім деп ойлаймын. Себебі Президент пандемиямен күреске тиісті қаражаттың уақытылы бөлініп, дегенмен құзырлы мекемелердің дер кезінде нақты шаралар қабылдамағандығын баса айтты. Ол қателік бүгінде төтенше жағдайдың екінші кезеңіне алып келіп, қайта карантин жүйесін орнатуға әкеліп отыр. Ал бизнес өкілдері өз тарапынан халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, жұмысшыларды қысқартпай, жалақысын төлеп қолдан келгенше жағдай жасап отыр. Дегенмен былай үздіксіз жалғаса беруі мүмкін емес, бизнесті одан әрі дамыту үшін пайда, түсім болу керек», — деп өз ойымен бөлісті С. Мергенбаев.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының бизнес иелерін уақытша салықтан босату сәтті идея және осы сала өкілдері үшін айтарлықтай қолдау болды.

«Өз салам бойынша айтар болсам. Құрылыс саласында мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасына өзгерістер енгізілді. Соның негізінде бұрын мемлекеттік сатып алу процесі 2-3 айға созылатын болса, қазір небәрі 7 күннің ішінде шешім шығады. Пандемия кезінде мемлекеттік сатып алу процесінің оңтайландырылуы құрылыс саласындағы тиімді шешім болып отыр. Және әрбір құрылыс компаниясы өз шама-шарқына қарап құрылыс нысандарын салуға өтінім береді. Бұл жердегі бір айтып өтетін мәселе аталған заңнамалық өзгеріс осы жылдың тамыз айына дейін ғана жарамды. Осы орайда біздің одақ Мемлекет басшысына жылдың соңына дейін созу туралы үндеу жолдадық. Президентке үндеу жолдамас бұрын еліміздің барлық өңірлеріндегі құрылысшылар арасында сауалнама жүргізіп олардың пікірін білдік, нәтижесінде құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып процесіне енгізілген жаңа тәртіпті жылдың соңына дейін ұзарту туралы өтініш білдіруге бір ауыздан келістік. Үндеуіміз өз нәтижесін береді деп үміттенеміз», — деді ол.

https://www.inform.kz/kz/pandemiya-kezinde-memlekettik-satyp-alu-procesin-ontaylandyru-kurylys-salasyndagy-tiimdi-sheshim-maman_a3671697

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.